НҰРМАҚОВ АМАН ЖӘМЕЛҰЛЫ

2012 жылдың наурызында С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың №1 хирургиялық аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Профилактикалық медицина академиясының академигі, Н.И.Пирогов атындағы ТМД елдері хирургтары Ассоциациясының толық мүшесі Нұрмақов Аман Жәмелұлының туылғанына 70 жыл және дәрігерлік, педагогикалық, қоғамдық, ғылыми қызметтеріне 47 жыл толады.

Нұрмақов А.Ж. 1942 жылы 13 наурызда Қарағанды облысы, Егіндібұлақ (қазіргі Қарқаралы) ауданында жұмысшы жанұясында дүниеге келген. 1959 ж. Қарағанды қаласындағы №2 қазақ орта мектебін (қазір Н.Н.Нұрмақов ат. мектеп) бітірген соң, Қарағанды мемлекеттік медицина институтының (ҚарММИ) емдеу факультетіне түседі. Оқу ордасын 1965 жылы тәмәмдаған соң, еңбек жолын туған өлкесіндегі «Абай» совхозының учаскелік ауруханасында дәрігер болып бастайды. 1967 жылдың қазан айында Алматы ММИ-дің (қазір С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ) хирургиялық аурулар кафедрасына аспирантураға түседі. Ғылыми жетекшісі болып ҚазССР еңбек сіңірген дәрігері, м.ғ.д., профессор А.А.Сүлейменов тағайындалады. 1971ж. «Отандық жаңа жергілікті анестетик ринокаинді клиникалық-эксперименттік тұрғыдан бағалау» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған соң, кафедра ассистенті қызметіне қалдырылады. 1976 жылы А.Ж.Нұрмақов аталған кафедраның доценті болып сайланады. 1976-1986 жылдар аралығында ол Мәскеу, Ленинград, Киев қалаларындағы медициналық жоғарғы оқу ордаларында білім жетілдіру циклдерінен өтіп, өз мамандығы бойынша жоғары дәрежелі деңгейге жетті.

1986–1989 жж. аралығында А.Ж.Нұрмақов акад. И.П.Павлов атындағы №1 Ленинград медицина институтының (қазіргі И.П.Павлов атындағы Санкт-Петербург медицина университеті) жалпы хирургия кафедрасында докторант болды. Ғылыми кеңесшісі, Ресей медицина ғылым Академиясының академигі, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, м.ғ.д., профессор Л.В.Поташовтың жетекшілігімен 1989 ж. «Өттас ауруы мен оның асқынуларын анықтау және емдеу нәтижелерін жақсарту жолдары» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Диссертация қорғаған соң, ол өзі қызмет еткен  кафедрасына оралып 1995 жылға дейін кафедра профессоры қызметін атқарды. 1991 ж. А.Ж.Нұрмақовқа «профессор» атағы берілді. 1995 жылы А.Ж.Нұрмақов конкурстық комиссияның шешімімен №1 хирургиялық аурулар кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Сол қызметті күні бүгінге дейін абыроймен атқаруда.

Бүгінгі таңда профессор А.Ж. Нұрмақов елімізге танымал ғалым. 145-тен аса ғылыми-тәжірибелік еңбектердің авторы. Олардың ішінде мемлекеттік және орыс тілдерінде жарық көрген 5 монография, жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған 4 оқулық бар. Оның «Өт қуығында тас пайда болу ауруы» (2003) және «Хирургиялық аурулардың симптомдары мен синдромдары» (2005) атты монографиялары елімізде хирургия саласында мемлекеттік тілде жарық көрген алғашқы монографиялық басылымдар. Елімізде хирургия саласында мемлекеттік тілде жазылып, қорғалған алғашқы диссертациялардың бірінің жетекшісі А.Ж. Нұрмақов болды.

Оның және шәкірттерінің ғылыми зерттеу жұмыстарының аясы хирургияның әр саласын қамтыған. Оның басшылығымен асқазан және он екі елі ішек ойық жара ауруы, өт тас ауруы, жайылған іріңді перитонит, хирургиялық инфекция, гиперпаратиреоз, көк бауырдың жарақаты және хирургияда инерефлекстік емдеу тәсілдерін қолдану сияқты өзекті мәселелер бойынша жан жақты тереңдетілген зерттеулер жүргізілді.

ішінде абдоминалды хирургия, хирургиялық инфекция, қалқанша маңы безі хирургиясы және т.б. Сонымен қатар, оның басшылығымен мемлекеттік және орыс тілдерінде бірнеше оқу және оқу-әдістемелік құралдары және ғылыми-практикалық нұсқаулар жарық көрді. Осы жұмыстарымен қатар, ол республикалық бұқаралық басылымдарына әрдайым әртүрлі саяси-қоғамдық және тәрбиелік тақырыптарға арналған мақалалар мен үзінділер беріп отырады.

Алғаш рет елімізде нашақорлықпен зардап шегетін науқастардағы хирургиялық инфекцияның иммунопатогенезі, клиникасы, диагностикасының және емдеу тәсілдерінің ерекшеліктері жүйелі түрде зерттелді.

Жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесінде монографиялар мен әдістемелік нұсқаулар жарыққа шығып, ҚР Ұлттық патенттік мекемесімен арнайы қорғалатын ресми құжаттар алынып, докторлық (2) және кандидаттық (3) диссертациялар қорғалды. Тәжірибелік медицинаға көк бауыр тінін аутотрансплантациялау; басқармалы лапаростомия; іріңді жараларды жергілікті емдеу; бейтарап анолит және жүйелі энзимотерапияны қолдану арқылы хирургиялық инфекцияның алдын алу және емдеу тәсілдері және т.б. тәсілдер үлкен жетістіктермен енгізілді.

А.Ж. Нұрмақов 45 жыл бойы ҚазҰМУ-да үздіксіз еңбек атқару барысында (1967-2012 жж.) қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласты. Ол бірнеше рет факультет партия ұйымының хатшы орынбасарлығына сайланды, әр дәрежелі Ғылыми Кеңестердің мүшесі, педиатрия факультеті деканының орынбасары, даярлау бөлімінің деканы, хирургиялық пәндер бойынша оқу-әдістемелік және проблемалық комиссиялардың төрағасы болды. Ол ҚР ДСМ жанындағы және университеттің терминологиялық комитеттердің тұрақты мүшесі, «Қазақстан» энциклопедиясының медицина бөлімінің кеңесшісі, Алматы қаласы және облысы хирургтары қоғамының құрметті мүшесі және т.с.с.

Жас мамандар даярлау ісі мен студенттер тәрибиесіне де А.Ж. Нұрмақов көп күш жұмсап, жүрек жылуын аяған емес. Студенттерге білім беру барысында ол деонтология, этика және профессионалдық тәрбие мәселелеріне ерекше көңіл аударады.  Оның шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде және шет елдерде еңбек етуде (Индия, Непал, Ресей).

А.Ж. Нұрмақовтың көп жылғы қажырлы еңбегі КСРО және Қазақстан Республикасының «Денсаулық сақтау қызметінің» үздігі белгісімен, КСРО және ҚазССР ДС министрліктерінің, «Отан» партиясының мақтау қағаздарымен еленіп, ҚазҰМУ-дың медалімен, әр дәрежелі мақтау және алғыс қағаздарымен, құнды сыйлықтармен марапатталған.

Ерекше еңбекқорлық, қарапайымдылық, кішіпейілділік мінездерімен, сонымен қатар достарға, әріптестерге, студенттерге және пациенттерге деген инабаттылығы арқасында  профессор А.Ж.Нұрмақов олардың арасында үлкен абырой мен құрметке бөленді.

Аман Жәмелұлы өзінің торқалы тойын, кемел тың шағында, педагогикалық, емдеу, ғылыми және қоғамдық жұмыстарды әрі қарай жетілдіру үстінде қарсы алуда. Көптеген әріптестері, достары және шәкірттері Аман Жәмелұлын даңқты күнімен шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, табыс және творчествалық ұзақ ғұмыр тілейді.

Достары, әріптестері, кафедра ұжымы.

Поисковые слова: