Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бала – біздің бақытымыз» атты әсерлі кеш өтті. Бұл кештің бір ерекшелігі бүлдіршін өнерпаздардың ән, билерін тамашалау болды. Алатау ауданындағы № 26 мектеп оқушылары Мәдина мен Әйгерім Амангелдінің орындауындағы «Өрнек» биі, «Анашым-әкем», «Сыбызғы – сазсырнай», «Құмған алған» әндері тартымды шықты. № 169 мектеп-лицейдің оқушысы Үкі Ақантаева өзбек биі «Назлыгүлді» мың бұрала ұсынса, төрт жастағы Тұмар Мұрат тақпақ оқыды. Кешке С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің профессоры, медицна ғылымдарының докторы, бала-оториноларингологі Амангелді Күлімбетов болашақ дәрігерлерді – студенттерді алып келіп қатысты. «Біз балалардың денсаулығын да, өнерін де қорғауымыз керек» деді профессор. Мұражай кешенінің директоры Ә. Қайырбеков бүлдіршіндерге бақыт тілеп, қатысушыларға рахмет айтты.
Г. Құдабаева.